Жаңалықтар

Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті

2019 жылғы 29 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігнен ұсынылған Әміржан Сәғидрахманұлы Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.

Лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу. Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Отырысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Жаңылысқызы Сүлеймен қатысты.

Комиссия жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылды, ал бұқаралық ақпарат құралдары емтиханның басталуын және қорытынды нәтижелері шыққаннан кейін бірден байқауға мүмкіндік алды. Отырыстың қорытындысын лингвистикалық комиссия төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы баяндады.

Жазбаша жұмыс «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – тарихы мен бүгіні» тақырыбында болды. Жазбаша жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Жазбаша жұмыстың мазмұны терең болды, жұмыс тақырыбы толығымен ашылған.

Екінші тапсырмада үміткер орфоэпиялық талапқа сай, мәнерлеп Қадыр Мырза Әлі өлеңдер жинағынан оқыды.

Үшінші тапсырма бойынша Президенттікке үміткер «Өнер білім бар жұрттар…» тақырыбы бойынша өз ойын 15 минутта ауызша айтып берді. Тақырып бойынша ойын еркін де терең жеткізді, көзқарасын тұжырымды айтты.

Комиссия төрағасы үміткер барлық тапсырмаларды өте жақсы орындады деп атап өтті. Үміткердің мемлекеттік тілді меңгеруі жоғары деңгейде.

Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Әміржан Сәғидрахманұлы Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады.

Back to top button
Close
Close